1 қазанда Түркістан қаласындағы «Ұлы дала» орталығында Түркістан облысының Мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен «Музейлік заттан цифрлық жарияланымға дейін: музейлік заттарды e-Museum порталына орналастыру үшін материалдарды практикалық тұрғыда дайындау» тақырыбында практикалық семинар өтті.
Кәсіби жиынға Түркістан облысының Мәдениет басқармасының тарихи-мәдени құндылықтарды қорғау бөлімінің басшысы Сұлтанбек Нұрдаулет Келдібекұлы қатысып, музей қорларындағы құнды жәдігерлерді цифрлық форматқа көшірудің, оларды ғылыми айналымға енгізудің және кең аудиторияға қолжетімді етудің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар Қазақстан музейлерінің қорларындағы мәдени мұра нысандарын бірыңғай цифрлық кеңістікте жүйелеу, сақтау және насихаттау бағытындағы жұмыстардың өзектілігіне тоқталды.
Семинар барысында А. Ержигитова музейлік заттарды цифрландыру бағытындағы өз тәжірибесімен бөлісіп, Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінің осы салада атқарып жатқан жұмыстары туралы баяндама жасады. Баяндамада музей қорындағы заттарды цифрландыру, оларды ғылыми сипаттау, қажетті мәліметтерді жүйелеу және e-Museum порталына орналастыруға дайындау кезеңдері қамтылды. Сонымен қатар музейлік заттардың цифрлық карточкаларын әзірлеу барысында жинақталған тәжірибелік жұмыстар мен кездесетін мәселелерге тоқталды.
Практикалық бөлімде қатысушылар музейлік заттар туралы ақпаратты жүйелеу, ғылыми сипаттамаларын әзірлеу, фотоматериалдарды белгіленген талаптарға сәйкес дайындау және e-Museum порталына енгізу тәртібі бойынша нақты тапсырмалар орындады. Музейлік заттардың атауы, датасы, материалы, техникасы, өлшемдері, сақталу жағдайы және басқа да негізгі деректерін дұрыс көрсету мәселелеріне назар аударылды. Семинар барысында музей қорларын цифрландырудың ғылыми-зерттеу және ақпараттық мүмкіндіктері де талқыланды. Цифрлық мәліметтер қорын қалыптастыру музейлік коллекцияларды жүйелеуге, ғылыми ақпараттың сақталуын қамтамасыз етуге, зерттеушілер мен көпшілік қауым үшін музей қорлары туралы мәліметтердің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Іс-шара соңында қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, музейлік заттарды цифрландыру, оларды ғылыми сипаттау және e-Museum порталына орналастыру бойынша пікірлерімен бөлісті.
Практикалық семинар музей қорларындағы тарихи-мәдени мұраны цифрлық кеңістікте таныстыру, музейлік заттар туралы ақпаратты біріздендіру және олардың қолжетімділігін арттыру бағытындағы тәжірибе алмасудың маңызды алаңына айналды.
