(1918-1995) 15 қарашада Жамбыл облысы, Луговой ауданында туған. 1955 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті жанындағы Жоғарғы партия мектебін, 1961 жылы КОКП Орталық Комитеті жанындағы Жоғарғы партия мектебін бітірген, Жамбыл облысы, Луговой аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, Келес аудандық партия комитетінің хатшысы, Ильичев аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, Георгиевка аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Қызылқұм аумақтық өндірістік басқармасының партком секретары, Алғабас аудандық атқару комитетінің төрағасы, Шымкент облыстық атқару комитетінің баға жөніндегі бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1976 жылдан Шымкент облыстық партия комитетінің жанындағы партия комиссиясының төрағасы болған.Ұлы Отан соғысының І дәрежелі орденімен, екі Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған.
Омарбай Малқаров (1908-1993) 3 желтоқсанда Жамбыл облысы, Шу ауданында туған. 1936 жылы ҚазПИ-дің жанындағы рабфакты бітірген. Содан кейін Алматыдағы мемлекеттік екі жылдық мұғалімдер институтында оқыған. 1938 жылы КСРО Ғылым академиясыныңиАлматыдағы филиалында жұмыс істеген. 1937 жылдан өлең жаза бастаған. 1938 жылдың аяғында Қазақстан Жазушылар одағы Оңтүстік Қазақстан облысы ақын-жазушыларының жұмысын басқару үшін тұрақты өкіл етіп жіберген. Ол бұл жұмыста 15 жыл бойы, сондай-ақ «Оңтүстік Қазақстан» газетінде 10 жылдан аса қызмет атарған.
Тәушен Әбуова (1932 – 2004 ж.ж.) – айтыскер ақын. Отырар аудандық мәдениет бөлімінде автоклуб меңгерушісі болып қызмет атқарды. Айтыс өнеріне кештеу араласса да, оны дамытуға, халық арасында насихаттауға сүбелі үлес қосты. Ол айтыстарында өскен жерін, туған елін, қасиетті халқын, оның болашағын жырлады. 1985 – 1990 жылдары Тәушен Әбуова бірнеше айтыстарға қатысты. Халық ақындары қызылордалық Манап Көкеновпен, көкшетаулық Көкен Шәкеевпен, Қырғызстанның халық ақыны Әмірәлі Айтаевпен , тағы басқа суырып салма ақындармен сөз сайысына түсіп,облыстық , республикалық,халықараралық айтыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы, жүлдегері болды, республикалық телесайыстың бас жүлдесін жеңіп алды. Ол Мәдениет министірлігінің 1-ші дәрежелі екі дипломымен марапатталған, «Достық» орденінің иегері. Айтыскер ақын туралы екі деректі фильм түсірілді, екі кітап шығарылды.
Бейсенбай Кенжебаев (1904-1987 ж.ж.) – ғалым, филология ғылымының докторы (1959), профессор (1961). «Жас қайрат», «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш», 1923–28), «Кеңес туы» (1929–30), «Оңтүстік Қазақстан»(1932–33), «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан», 1928–29, 1931–32, 1933–35), т.б. газет-журналдарда бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, редактор, 1938–1941 - «КСРО Жоғарғы Кеңесінің Ведомостарында» аудармашы, 1941–1944 - Қазақстан мемлекеттік біріккен баспасының бас редакторы болып қызмет істеген. 1961 - жылдан ҚазМУ-да кафедра меңгерушісі. 1975–1987 жылдары осы университетте профессор болды.
«XX ғасырдың бас кезіндегі қазақтың демократ жазушылары (монография бойынша)» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғаған. Кенжебаев – қазақ әдебиетінің мәселелеріне, қазақ баспасөзінің тарихына арналған іргелі еңбектердің, Абай, С.Торайғыров, Жамбыл Жабаев, М.Сералин, М.О.Әуезов, С.Шәріповтің өмірі мен шығармалары туралы зерттеулердің авторы. Жоғары оқу орындары студенттеріне арналған «XX ғасыр басындағы қазақ әдебиеті» оқулығын, «Ертедегі қазақ әдебиеті хрестоматиясын» (1967) жариялады. Ауыз әдебиеті үлгілерін жинау, жүйелеу, зерттеумен айналысты. Кеңестік кезеңде коммунистік идеологияға орай, қазақ әдебиетінің тарихы Бұқар жыраудан (19 ғ.) басталады деген жаңсақ пікірді теріске шығарып, оның Орхон-Енисей жазбаларынан басталатындығын ғылыми тұрғыдан дәлелдеді. Кенжебаев – көркем проза («Асау жүрек», 1928) және аударма саласында да (Г.Мопассан, Э.Хемингуэй, Лу Синь, Я.Гашек, А.П.Чехов т.б. жазушылардың әңгімелері) еңбек етті. А.С.Пушкин шығармаларының қазақша библиографиялық көрсеткішін (М.М.Фетисовпен бірге) жасады. Бірнеше орденмен және медальдармен марапатталған.
Досымбеков Сұлтан Назарұлы(1927-1988) - Заң ғылымдарының докторы, профессор, ҚазКСР ғылымына еңбек сіңірген қайраткер. 1927 жылы Түркістан облысы Түркістан қаласында дүниеге келген.
1950 ж. М.В. Ломоносов атындағы ММУ-дың заң факультетін бітірген. 1954 жылы «Образование Казахской АССР и ее государственно-правовое положение» атты тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғады. С.М.Киров атындағы ҚазМУ-да заң факультетінің күндізгі және сырттай оқу бөлімдерінің деканы (1970 ж.), әкімшілік құқық және кеңес құрылысы кафедрасының меңгерушісі (1972 ж.), қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бөлімінің меңгерушісі болып қызмет етті. 1970 жылы «Проблемы государственного руководства промышленностью в союзной республике» атты тақырыпта докторлық диссертациясын қорғады. 1973 жылы профессор ғылыми атағын алды. КСРО және Қазақ КСР мемлекеттік басқару, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын мемлекеттік басқарудың теориялық мәселелерін, қазақ кеңес мемлекеттілігін құру және даму теориясы мен тарихын зерттеумен айналысты. Оның жетекшілігімен 8 кандидаттық диссертация қорғалды.
