Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейі
Түркістан облысының мәдениет басқармасының "Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейі" МКҚК
AA+
Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейі
Түркістан облысының мәдениет басқармасының "Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейі" МКҚК
Мекен жайы:
Шымкент қ., Әл-Фараби ауданы, Бәйдібек би даңғылы, 115а
Байланыс номері
8 747 154 35 95 — Әбдібек Аделина
Кіру
Тіркелу

Ресей империясы Орта Азия хандықтарын жоя отырып Қазақстанның оңтүстік жерін де өздеріне  қаратты. Дегенмен, Ташкент, Түркістан, Шымкент, Сайрам  сондай-ақ, Ақмешіт, Әулиеата өңірінде сауда-саттық, өзге елдермен қарым-қатынас үзілген жоқ. Айтарлықтай болмаса да жаңа құрылыстар салынды.

     Қазақ жерінің Оңтүстігін жаулап алып, бүкіл қазақ жерін өзіне қосып алғаннан кейін Ресейге қараған басқа да жерлердегі сияқты бұрынғыдан басқаша басқару жүйесін енгізу ойластырыла басталды. Қазақстан территориясы үш генерал-губернаторлыққа бөлінді. Әр генерал-губернаторлық облысқа, облыс уездерге, уезд болыстарға, болыс ауылдарға бөлінді.

      Түркістан генерал-губернаторлығына ғасырлардан бергі тарихы мол шежірелі Оңтүстік өңіріндегі Жетісу және Сырдария   облыстары да енді.

     Оңтүстік өңіріндегі бүкіл билік Түркістан генерал-губернаторы Н.П. фон-Кауфманның қолында болды.

     Оңтүстік өңірі бүкіл қазақ жері сияқты барған сайын Ресейдің арзан тауарларын шығаратын және арзан шикізат алатын аймағына айналды.  Орыс кәсіпкерлері Оңтүстік өңіріндегі дүниежүзінде өте сирек кездесетін дәрілік қасиеті күшті дерменеге қатты назар аударды. Африканың, Оңтүстік Американың және қазақ даласының Арыс өңірінде өсетін бұл өсімдікті күзде орып бастырып, дәнін Түркістан қаласына әкеліп одан Ресейге жіберді.

    Өлкедегі ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. басындағы әлеуметтік-экономикалық жағдай. Ресейдің капиталистік өнеркәсібі мен Қазақстандағы ауылшаруашылық өндіріс арасында делдал ретінде әрекет еткен Россияның сауда және өсімқорлық капиталы Ресейдің орталық губерниялары мен Қазақстан арсында ғана емес, сонымен бірге өлкенің ішінде де тауар айналысының өсуін шапшаңдатты. Өлкеде үстем болған табиғи шаруашылық біртіндеп ыдырай бастады.

     1970-80 жылдарда Ресейде фабрикалық тоқыма өндірісінің шапшаң өсуімен байланысты Қазақстан рыноктарына Ресей матасының келуі күшейді. 60-70-ші жылдары Қазақстанға жыл сайын 400-500 мың сомның былғарысы, 300-400 мың сомның металл бұймдары жеткізілді. Олардың ішінде самауыр, қазан, шалғы орақ, пышақ секілді бұйымдар болды.

Қазақтардың  талап-талғамына сай алуан түрлі көптеген товарлар, Орта Азия хандықтарынан да келіп жатты. Майдангерлердің қолынан шыққан желбегей, шәлі орамал, белбеу мәсі-кебіс кілем, фарфор және ағаш ыдыстары мыс құмыра, шәйнек, табақ сияқты бұйымдар  қазақ отбасыларының қажетті тұрмыстық заттары болды. Қазақстан бұл товарларға айырбасқа мал мен шикізатын берді.

     Орынбор-Ташкент темір жолы –1901-05 жылдары салынып, пайдалануға берілген. Жалпы ұзындығы - 2090 км, оның ішінде қазақ жері арқылы өтетін бөлігі - 1660 км. Орынбор-Ташкент темір жолын салу ісі Николай ІІ патшаның 1901 жылдың 21 сәуірдегі бұйрығы негізінде қолға алынды. Орыс үкіметінің Орынбор-Ташкент темір жолын салудағы басты мақсаты Ортадық Азия үшін Англиямен арадағы бәсекелестікте жеңіп шығу, өлкедегі арзан шикізат қорын Ресейге тасу, Түркістан өлкесіне тура шығу болды. Салынатын жолдың бүкіл желісі әкімшілік жағынан екі бөлікке бөлінді. Жолдың оңтүстік бөлігі (Ташкент-Көбек) Түркістан  өлкесі Сырдария облысының аумағы бойынша, cолтүстік бөлігі (Орынбор – Көбек) Орынбор губерниясы, Торғай облысының және Орал облысы Темір уезінің аумағы бойынша өтетін болып белгіленді. Құрылыс Орынбор жағынан 10 мамырда, ал Ташкент  жағынан 9 қарашада басталды.  40 – 50 мың жергілікті тұрғындар жұмыс істеді. 1904 жылы 1 қаңтарда бүкіл Орынбор-Ташкент темір жолы бойынша поездардың уақытша жүрісі ашылды. Солтүстік бөлігі толық аяқталып, 1905 жылы 25 шілдеде, оңтүстік бөлігі 1906 жылы 1 сәуірде пайдалануға берілді. 1905 жылы 1 қаңтардан бастап Орынбор – Самара – Златоуст жолының телімі, ал 1906 жылы 22 шілдеден бастап Орта Азия жолының Ташкент станциясы Орынбор-Ташкент темір жолына қосылды. Соның нәтижесінде жаңа желінің жалпы ұзындығы ұлғайды. Бес ірі станция – Ақтөбе, Шалқар, Қазалы, Перовск (Қызылорда), Түркістан Қазақстанның  Ресеймен және Орталық Азиямен байланыс торабына айналды. Жол басқармасы Орынбор қаласында болды.