Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейі
Түркістан облысының мәдениет басқармасының "Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейі" МКҚК
AA+
Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейі
Түркістан облысының мәдениет басқармасының "Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейі" МКҚК
Мекен жайы:
Шымкент қ., Әл-Фараби ауданы, Бәйдібек би даңғылы, 115а
Байланыс номері
8 747 154 35 95 — Әбдібек Аделина
Кіру
Тіркелу

ХІХ ғасыр Қазақстанның мәдени өміріндегі ағартушылық ғасыр деп аталады. 19 ғасырдағы қазақ халқының  мәдениетін дамытуға үлес қосқан халқымыздың үш көрнекті шамшырағы  Шоқан, Ыбырай, Абайлардың орны ерекше. Осы қызметіне қарап халық Шоқанды – ғылымды дамытушы, Ыбырайды – оқу-ағарту ісін дамытушы, Абайды – әдебиетті дамытушы деп бағалайды.

Абай Құнанбаев (1845-1904)- ұлы ақын, композитор, философ, саясаткер, ағартушы, қазақтың реалистік жаңа жазба әдебиетінің негізін қалаушы. 
Болашақ ақын сабырлы мінезімен, кең пейілімен ел анасы атанған "кәрі әжесі” Зеренің таусылмайтын мол қазынадай аңыз ертегілерін естіп, абысын-ажынға жайлы, мінезі көнтерлі, әзіл-қалжыңга шебер, жөн-жобага жетік өз анасы Ұлжанның тәрбиесінде өсті. Абай әуелі ауылдағы Ғабитхан молдадан сауатын ашады да, 10 жасқа толған соң 3 жыл Семейдегі Ахмет Риза медресесінде оқиды. Бұл медреседе араб, парсы, тілдерінде, негізінен, дін сабағы жүргізілетін еді. Құрбыларынан анағұрлым зейінді бала оқуға бар ықыласымен беріліп, үздік шәкірт атанады. Ол енді дін оқуын ғана місе тұтпай, білімін өз бетінше

жетілдіруге ұмтылады. Сөйтіп көптеген шығыс ақындарының шығармаларымен, араб, иран, шағатай (ескі өзбек) тілінде жазылған ертегі, дастан, қиссалармен танысады, Шығыстың Низами, Науаи, Сәғди, Хафиз, Фзули сияқты ұлы ғұлама, классик ақындарына бауыр басады. Медресенің үшінші жылында Абай Семей қаласындағы "Приходская мектебі” не қосымша түсіп, орысша сауатын аша бастайды. Бірақ бұл оқуын әрі жалғастыра алмай, небәрі 3 жылдан соң оның мұсылманша да, орысша да оқуы аяқталады. Абайдың басқа балалардан алымдылығын аңғарған Құнанбай оны елге шақырып алып, өз жанына ертіп, әкімшілдік-билік жұмыстарына араластырмақ болады. Сөйтіп 13 жастағы Абай ел ісіне араласады. Есейген шағында, өзі оқыған философ, ақын, ғалымдармен тең дәрежеде пікір таластырып, олардың ішінен ірі ақындардың өзіне әсері болған кесек туындыларын қазақ тіліне аударған. Аударған өлеңдері көркемдік жағынан негізгі нұсқасымен тең түсіп, кейде асып та жатады.  Ыбырай Алтынсарин (1841-1889)   қазақтың ағартушылық тарихында және ұлттық мектебінің қалыптасуында терең із қалдырды. Ол 1841 жылы қазіргі Қостанай облысының аумағында дүниеге келген. Әкесінен ерте айырылған ол атасының - белгілі би және старшын Балқожа Жаңбыршиннің қолында тәрбиеленді. Ыбырай бала кезінен бастап білімге және өз бетінше оқып білуге бейім екенін байқатты. Білген үстіне біле түссем деген құмарлық пен өз халқыма неғұрлым көбірек пайда келтірсем деген абзал арманға ұмтылыс жас Ыбырайдың өмірлік кредосына айналды. Өзінің мінез-құлқы жағынан қарапайым әрі еңбексүйгіш еді, көп оқыды, өзге халықтардың қол жеткен табыстарын неғұрлым көбірек біле түссем деп армандады. Алған білімін өз халқының пайдасына асыруға талпынды.

 1879-1883 жылдар аралығында Торғай облысының төрт уезінде (Торғай, Ырғыз, Троицк, Ақтөбе) жаңа мектептер ашады. 1883 жылы Торғай қаласында қолөнер мектебі ашылды. Ол қазақ даласындағы техникалық білім беретін тұңғыш оқу орны болды. Ыбырай қазақ қыздарын оқыту ісіне ерекше көңіл бөледі. 1887 жылы Ырғызда қыздар мектебін ұйымдастыруы – оның ағартушылық аса зор еңбегі. Қазақ даласында мектептер санының артуына байланысты Ыбырай мұғалімдер даярлайтын мектеп ашуды қолға алды. 1881 жылы Омбы қаласында тұңғыш мұғалімдер мектебі ашылды. Ыбырай мектептер ашу ісімен ғана шектеліп қалмады. Ол сол мектептердегі тәлім-тәрбие, оқу жұмысына айрықша мән берді. Оқу-тәрбие ісін жаңа бағытта ұйымдастырды. Өзі 1876 жылдан бастап «Қазақ хрестоматиясын» жазуға кірісіп, оны 1879 жылы Орынборда бастырып шығарды «Қазақ хрестоматиясына» кірген өлеңдерінде де халық-ағарту идеясын көтерді. Оның "Кел, балалар, оқылық!", "Өнер-білім бар жұрттар" өлеңдері осындай мақсатта туған. "Кел, балалар, оқылық!" өлеңі жастарды оқуға, білім алуға шақырады.

Уәлиханов Шоқан  Шыңғысұлы (1835-1865) – қазақтың ұлы ғалымы, ағартушы, шығыстанушы, тарихшы, этнолог, географ, фольклортанушы, суретші. Шын аты — Мұхаммедханафия, әжесінің бала күнінде "Шоқаным" деп еркелетіп айтуымен, "Шоқан" аталып кеткен. Туған жері - қазіргі Қостанай облысындағы Құсмұрын көлінің жағасы. Арғы атасы - қазақтың ұлы ханы — Абылай, Шоқан оның шөбересі. Өз атасы Уәли де хан болған. Ал әкесі Шыңғыс Қазақстанда хандық жүйе жойылып, аға сұлтандықтың енгізілуіне байланысты, аға сұлтан лауазымын иеленген.

"Жеті жұрттың тілін білуге тиісті" хан тұқымы болғандықтан, ауыл мектебінде оқып, арабша хат таныған Шоқан араб, шағатай тілдерін меңгереді. Бұдан кейін оны әкесі сол кезде Сібірдегі ең таңдаулы оқу орны деп есептелінетін Омбы кадет корпусына береді. Ол осында белгілі шығыстанушы ғалым И. Н. Березиннің тапсырмасы бойынша Тоқтамыс ханның "Жарлығына" талдау жасайды. Бұл оның алғашқы ғылыми еңбегі еді. Жастығына қарамай, оның білімдарлығын, әсіресе, шығыс әдебиеті мен тарихын жақсы білетіндігін сол кездегі орыс ғалымдары да жоғары бағалап, мойындай бастаған болатын. Кадет корпусын бітіргеннен кейін Шоқан Батыс Сібір генерал-губернаторының кеңсесінде қалдырылады. Ол 1855 жылы Ұлы жүзді Қоқан хандығының ықпалынан шығарып, Ресейге қосу бағытында жұмыс істеу үшін ұйымдастырылған экспедицияға катысьш, Семей, Аягөз, Қапал арқылы Іле Алатауына дейін келеді, Жонғар қақпасына, Алакөл, Тарбағатайға саяхат жасайды. Осы сапарында қазақ, қырғыз ауыз әдебиетінің үлгілерін, тарихы мен этнографиясының материалдарын жинап алады. Бұл еңбегін жоғары бағалаған генерал Г.Х.Гасфорт оны наградаға ұсынады, әскери лауазымы бір сатыға жоғарылап, поручик атағын алады. "Манас" жырын алғаш қағазға түсіреді. Іле өзенінің басындағы Манас жорық жасады деген жерлерді барып көреді. Қырғыздардың көне тарихы жөнінде жазған географ К.Риттердің, А. Гумбольттің, шығыстанушы ғалымдар Шотт пен Клапроттың еңбектеріне сын айтады, тарих, география саласындағы данқы Петербург ғалымдарына да жетіп, жиырмадан жаңа асқан жас Шоқанды Орыс География қоғамының толық мүшесі етіп сайлайды.

Шоқанның Қашқарияға сапары ғалымдық, ағартушылық саласындағы еңбегінің жаңа белеске көтерілуіне жол ашты. Бұл — Шығыс Түркістан халықта-рының тарихына, әлеуметтік кұрылысына арналып, сол заман ғылымының биік деңгейінде жазылған әлемдегі тұңғыш зерттеу жүмысы еді. Ұзамай ол Германияда, Англияда жарияланады. Шоқаннан қалған мұраның бірі — бейнелеу өнеріндегі зерттеулері. Бұл еңбектер оның өнердің осы саласындағы қазақтың тұңғыш профессионал суретшісі болғанын дәлелдейді. Ол негізінен портрет, пейжаз және халықтың тұрмыс-салтын бейнелеумен айналысқан. Одан 150-дей сурет қалған.

Шоқанның мандайына "жарқ етіп сөнген құйрықты жұлдыздай" қысқа ғана ғұмыр сүру жазылды. Бірақ ол сол аз ғана ғұмырында адам қабілетінің ғажайып мүмкіндіктерін, гуманизмнің биік өресін, ұлтжандылықтың жалтақсыз үлгісін, ғылыми қабілет пен алғырлықтың қайран қаларлық өнегесін барша болмысымен, нақтылы іс-әрекетімен дәлелдеп үлгерді.

    Орталық саябақта М.Х.Дулати атындағы №8 гимназия-мектебі орналасқан. Бұл мектеп 1879 жылы ашылған. Алғашқыда жекеменшік әйелдер гимназиясы болып, 8 қыз және 2 мұғалімнен құралған. Мектепті ашқан  Мария Николаевна Мурашкина.

    1916 жылғы революция - Қазақстандағы көтеріліс 1916 жылғы 25 маусымдағы патша жарлығы жарияланғаннан кейін басталды. Шілденің  бас кезінде Қазақстанның барлық аймақтарында дерлік қарсы наразылықтар басталып, көп ұзамай қарулы көтеріліске ұласты.  Ол кезде метрикалық куәліктердің болмағанын пайдаланып, олар тізімге жас шамасына қарамастан кедейлерді қалауынша енгізді, ал байлардың балаларын пара алып шақырудан босатты. Іс жүзінде тізімдер жасау жүйесі жаппай парақорлық пен қиянат жасаушылық туғызды. 1916 жылғы көтерілістің басты мақсаты ұлттық және саяси азаттық  болды. Қарулы көтерілістің ірі ошақтары Жетісу мен Торғайда пайда болды.

     Тоқаш Бокин (1890-1918 ж.ж.) Жетісудағы көтерілістің басшысы. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне, Жетісуда Кеңес өкіметінорнатуға және оны нығайтуға белсене қатысушы. Қазіргі Алматы облысының Күрті ауданында шаруа отбасында туған. Жетісуда Кеңес өкіметінің жеогілікті орындарын ұйымдастырады, аштыққа ұшыраған шаруаларға көмектеседі. Ақ казак-орыстармен  болған шайқастарға белсене қатысады. 1918 жылы Кеңес өкіметінің жаулары қолынан қаза табады.

    Тұрар Рысқұлов ( 1894-1938ж.ж.) – мемлекет және қоғам қайраткері. 1916 жылы жазда қазақ даласында ұлт-азаттық көтеріліс басталған кезде Рысқұлов оқуын тастап, Әулиеата уезіндегі Меркі ауылына аттанды. Ол Меркіге келген кезде халық ашық бас көтерулерге шығып, жер-жерде қарулы қақтығыстар өрши бастаған болатын. Меркідегі көтерілістің өршіген кезінде Рысқұловты патша әкімшілігі тұтқындайды, бірақ оның іс-әрекетінен кінә таба алмай босатып жіберуге мәжбүр болады. 1917 жылғы Ақпан төңкерісіненкейін көктемде Рысқұлов Меркіге оралып, онда «Қазақ жастарының революциялық одағын» құрады. Осы жылы жазда Рысқұлов РСДЖП құрамына мүше болып қабылданды.

    1918 жылы 21 сәуірде уездік кеңестің мүшелігіне қазақтар арасынан депутаттар сайлау мақсатымен Әулиеата қаласында Рысқұлов ұйымдастырған қазақтардың жиыны болып өтті. Жиналыстың шешімі бойынша Әулиеата уездік кеңесінің 26 мүшесінің 15-і жергілікті халық өкілдері болды. Рысқұловтың жетекшілігімен Әулиеата қаласы маңында қоғамдық тамақтандыру орындары ұйымдастырылып, онда 20 мың адамға дейін ашыққан қазақтар тамақтандырылды. 1918 жылы қыркүйекте Рысқұлов Түркістан автономиялы Республикасының Денсаулық сақтау халық комиссары болып тағайындалды. Бұл комиссариатқа денсаулық ісімен шұғылданумен қатар аштықпен күресу міндеті де тапсырылған еді. 1919жылы 14 наурызда Түркістан Республикасы кеңестерінің 7-съезінде Орталық атқару комитеті төралқасы төрағасының орынбасары болып Рысқұлов сайланды. 1920 жылы 21 қаңтарда Рысқұлов Түркістан Орталық атқару комитетінің төрағасы болып сайланды 1926 жылы наурызда Рысқұлов Қазақстанға жіберіліп, «Еңбекші қазақ» газетінің жауапты редакторы болып бекітілді. Көп ұзамай 31 мамырда Бүкілодақтық орталық атқару комитетінің қаулысымен Ресей Федерациясы Халық комиссарлары кеңесі төрағасының орынбасары болып бекітілді. Бұл қызметіне қоса Рысқұлов Түрксіб темір жолын салуда үкімет комиссиясының төрағасы болып, оны 6 жылда аяқтау орнына 3 жылда пайдалануға берілуін ұйымдастырды Қазақ өлкелік БК(б)П к-тін басқарған Ф.И. Голощекиннің «Қазақстанда кіші Қазан» төңкерісін жасау идеясына ашық қарсы шықты. Кеңестік ұжымдастыру саясатының зардаптарын жою, Қазақстандағы ашаршылықтың апатынан халықты құтқару жайында И.В. Сталинге нақты ұсыныстар жасады. Бірақ И.В. Сталин Рысқұловтан гөрі Ф.И. Голощекинге сенім артатындығын танытты. Рысқұлов қолынан келгенше ашаршылық тауқыметіне ұшырағандарға жәрдем көрсетуге талпынды. 1937 жылы 21 мамырда Кисловодскіде демалыста жүрген Рысқұлов «пантүрікшіл», «халық жауы» деген айыппен тұтқынға алынды. Кеңестік қуғын-сүргінге ұшыраған Рысқұлов Мәскеу түрмесінде жүрек ауруынан қайтыс болды.

    Амангелді Иманов (1873-1919ж.ж.)Қазақстанда Кеңес өкіметін орнату жолындағы күрескерлердің бірі. Торғай уезіне қарасты Қайдауыл болысында дүниеге келді.  1905-1907 ж. Бірінші орыс революциясының азаттық идеясы ықпалымен шаруалардың байларға қарсы күресіне қатысқан.  1916 жылғы ұлт азаттық көтерілістің Торғай өңіріндегі басқарушысы.