Қазығұрт тауы – бағзыдағы Тұран, кейінірек Түркістан аталған Ұлы Даланың мақтан тұтар мерейі. «Қазығұрттың басында кеме қалған; Ол әулие болмаса неге қалған?» деп басталатын жауһар жыр-аңыз көне дәуірден бермен қарата ұрпақтан-ұрпаққа сақталып, жалғасып келе жатыр. Бұл жыр-аңыздың пәлсапалық мән-маңызы терең. Тіршіліктің, адамзат өмірінің қайнар көзі жерге, яки топырақ пен жапыраққа да, төрт-түлік малға да байланысты өлең өрнектеген ата-бабалар Нұх пайғамбардың кемесі қайырлаған Қазығұрттың қасиеті мен киесін ұғындырып кеткен. Қазығұрт тауы солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай 55 км-ге созылып жатыр. Шымкент қаласынан 35 км-дей ара-қашықтықта орналасқан.
