Ел тағдырын өз тағдырынан биік қойған, ұлтының тұтастығын, жерінің бүтіндігін мұрат еткен қазақ батырлары қазақ тарихының әр белесінде тұлғалық деңгейге көтеріліп отырған. Яғни олар ұлттық тұлға болған.
Бөгенбай батыр. Бұқардай дана жырау «қазақтың қамал қорғаны» деп баға берген атақты батыр, қазақ халқының жоңғар басқыншылығына қарсы азаттық күресін ұйымдастырушылардың бірегейі- Бөгенбай батырдың ұлт тарихында алар орны ерекше. ХVІІІ ғасырда жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық күресте даңқы шығып, есімі тарихта қалған. Қанжығалы Бөгенбай 1680 жылы Бөген өзені бойында дүниеге келген. Батыр баба 95 жастан асқан шағында дүниеден өтеді. Денесі Түркістандағы Қ.А.Ясауи кесенесіне жерленген. Бөгенбай батырдың халық үшін сіңірген еңбегі сол дәуірде ақ жоғары бағаланған.
Қабанбай батыр Дарабоз — батыр, талантты қолбасшы. Азан шақырып қойылған есімі — Ерасыл. Ол 1692 ж. қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданындағы Барлық тауында өмірге келіп, 1770 ж. сонда дүние салған. Қабанбай Найман ішіндегі Қаракерей руының Байжігіт тармағынан.Жеті жасында әкесі Қожақұл, он алты жасында ағасы Есенбай жоңғарлар қолынан қаза табады. Он алты жасар бала жау арасына жасырын барып, ағасын өлтірген жоңғар батырын өлтіріп, кек алған. Осында жүріп жылқыға шапқан жабайы қабандарды жайратып, “Қабан батыр” атанды.1723 жылы Түркістан қорғанысына, 1726 жылы Бұланты шайқасына, 1730 жылы Аңырақай-Алакөл шайқасына, кейін Шыңғыстау, Ертіс бойындағы шайқастарға қатысып, Абылай ханның бас батырларының біріне айналады. 1741 жылы Шыңғыстаудағы Шаған шайқасында ақбоз атпен топ жарып, жауға шапқаны үшін Дарабоз атанады.
Қарасай батыр (1589–1671 жж.) – қазақтың қаһарман батыры, әйгілі қолбасшы, есімі шапырашты руының ұранына айналған аса көрнекті тарихи тұлға.
Қарасай батыр Алматы облысы Жамбыл ауданына қарасты Суықтөбе тауының етегінде Қарасаз деген жерде дүниеге келіп, Арқа жерінде Көкшетау үшін болған шайқаста ауыр жараланып дүние салған.
Шапырашты Наурызбай Құттымбетұлы (Құтпанбет) (1706-1781)- жоңғар басқыншыларына қарсы күресте аты шыққан атақты батырлардың бірі, белгіліқолбасшы.Шыққантегі Ұлы жүздің Шапырашты тайпасының Асыл руынан. Наурызбайдың өмірі жоңғарларға қарсы күресте өтеді. Ол атақтыАңырақай шайқасына қатысып, жиырма үш жасында қалмақ батырлары Шамалхан мен Қаскелеңді жекпе жекте өлтіріп, батыр атанады. Батырдың ерлігіне риза болған елі: «Наурызбайдың екпіні таудан асқан тасқындай. Қалмақты қойдай қырады, оттан судан тартынбай. Тор ала тұлпар астында, шойын шоқпар қолында. Түйе тұрпатты тұтқыр ер, оңды солды ұрады» деп, оның атын жырға қосып, мақтан тұтады
Райымбек батыр (1705—1785)— батыр, қолбасшы. Ұлы жүз албан ішіндегі Алжан руының сырымбет тармағынан. Атасы Хангелді батыр 18 ғ-дың І-жартысында жоңғарларға қарсы күресте аты шығып, Райымбек 17 жасында жоңғар басқыншыларына қарсы күресте ерлік көрсетіп, батыр атанды. Қалмақтың Бадам, Қорын, Ағанас, Секер, т.б. хан, ноян, батырларын жекпе-жекте жеңіп, Қаратау өңірі мен Жетісуды жаудан азат етуге басшылық жасағандардың бірі болған. Торайғыр және Сөгеті таулары аралығындағы “Ойрантөбе” деген жерде өткен шайқаста ерекше көзге түсті. 1733 ж. Бөлек батырмен бірге жоңғарға елші болып барған. Райымбектің ерекше еңбегін оның есімі албан тайпасының ұранына айналғанынан да білуге болады.
Баян Батыр (Қасаболатұлы шамамен 1710/15 – 1757) – бүкіл өмірін қазақ жұртының тәуелсіздігі жолындағы күреске арнаған ержүрек ардагерлердің бірі — батыр БаянҚасаболатұлы. Батырлығымен, тапқырлығымен Абылайханның ерекше құрметіне бөленген. Қазақ-жоңғар шайқастарына қатысып, "Батыр Баян" атанған. Батыр Баян жөнінде деректерді МағжанЖұмабаевтың "Батыр Баян" поэмасынан, жыраулар шығармаларынан, ШоқанУәлихановтың еңбектерінен кездестіруге болады. Тарихи деректерде Баян жоңғар шапқыншылығына қарсы күрескен қазақ батырларының ішіндегі шоқтығы биік болып көрсетіледі.
