Жүз — орда, қазақ халқының үш рулық-тайпалық бірлестіктерінің ортақ атауы. Дәстүрлі қазақ қоғамы үш жүзден құралған: Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз. Ш. Уәлихановтың пікірі бойынша, "Алтын Орда мемлекетінің ыдырауы кезінде қазақтар өздері көшіп жүретін жерлердегі өз құқықтарын қамтамасыз ету үшін осындай үлкен одақтар құрған". Н.А.Аристовтың ойынша, "жүздерге бірігу жоңғар шапқыншылығы кезінде шыққан".
Жүздер басқарылуы жағынан да ішкі тұтастығымен ерекшеленеді. Әр жүздің өз төбе билерінің болғанын білеміз. Хандық заманда әр жүз өз хандарын сайлап отырғаны белгілі.
Үштік құрам қазақ жерін мекендеген көне тайпалардан келе жатқан дәстүр. Сақтар: тиграхауда, хаомаварға және парадарайя. Кең-байтақ қазақ жерінде мұндай үлкен одақтар құру саяси, әскери-қорғаныс, шаруашылық-ұйымдастырушылық, басқару қажеттіліктерінен туындаған. Мұндай одақтар қазақ жерінде қыпшақтар заманын бастап құрылған болуы керек. Ал мұндай жүздік одақтарға бөлінудің аякталуы қазақ халқының құрылуы кезеңімен сәйкес келсе керек.
