Шәмші Қалдаяқов ауылындағы Мәдениет үйіндегі көрмені музей директорының орынбасары Райхан Нарикова мен Қоңыртөбе ауылдық округі әкімшілігінің бас маманы Гүлназ Ахметова құттықтау сөз сөйлеп ашып берді. Олар Шәмшінің қазақ өнеріндегі орны мен ұрпаққа қалдырған мұрасының маңызы мен өмірі, шығармашылық жолы туралы тағылымды әңгіме өрбітті.
«Шәмші – ән падишасы» атты көрменің ұйымдастырушысы – «Шәмші үйі» музейінің меңгерушісі Серік Олжатаев. Көрмеде Шәмшінің өмірі мен өнерінен сыр шертетін құнды деректер, қолжазбалар, сирек фотосуреттер мен естеліктер қойылды. Бұл жәдігерлер композитордың өнерге деген шексіз сүйіспеншілігін, халқына деген адалдығын айқын көрсетті.
Бұл тағылымды шараға Қарақоңыр ауылдық округінің әкімдігі, мәдениет үйінің қызметкерлері мен ауыл тұрғындары қатысып, ұлы сазгерге деген ыстық ықыластарын білдірді. Іс-шара барысында Қарақоңыр ауыл округнің әкімінің атынан облыстық музей ұжымы сазгердің мұрасын насихаттаудағы еңбектері үшін Алғыс хатпен марапатталды.
Көрме өнер сүйер қауымға ерекше рухани әсер сыйлап, жүректерінде Шәмшінің әндері қайта жаңғырды. Оның әуезді әуендері қазақ халқының мәңгілік қазынасы болып қала бермек.
