18 мамыр – Халықаралық музей күніне орай Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінде мерекелік мәдени іс-шара ұйымдастырылып, Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының Шымкент-Цирк мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының өнерпаздары арнайы өнер көрсетті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – музей мен мәдениет саласының өзара байланысын нығайту, келушілерге рухани-мәдени демалыс сыйлау және Халықаралық музей күнінің маңызын кеңінен насихаттау болды. Мерекелік қойылым барысында цирк әртістері көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, түрлі жанрдағы әсерлі өнерлерін паш етті.
Көрермендер назарына ұсынылған қойылымдар музей кеңістігін ерекше мерекелік атмосфераға бөлеп, мәдениет пен өнердің үндестігін айшықтай түсті. Сонымен қатар, іс-шара жас ұрпақтың өнерге, мәдени мұраға деген қызығушылығын арттыруға және музейдің қоғам өміріндегі рухани орнын дәріптеуге бағытталды.Мазмұнды мерекелік бағдарлама келушілерге ерекше әсер сыйлады.
