Музей саласындағы әріптестік байланыс нығая түсті
Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейіне Ақмола облысы, Зеренді ауданы әкімінің орынбасары Ермек Қуандықұлы Дәукенов, Зеренді мәдениет және тілдерді дамыту орталығының басшысы Айтолқын Болатқызы Хайбар және «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» директоры Гәкку Жанғазықызы Габдульманова арнайы келді.
Қонақтарды музей директоры Олжас Ерболұлы Сейданов қабылдап, музейдің тарихы, құрылымы, негізгі қызмет бағыттары және экспозициялық залдарының мазмұны туралы айтып өтті.
Кездесу барысында тараптар мәдениет және музей салаларындағы өзара ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады. Қонақтар музейдің экспозициялық залдарын аралап, археология және қор сақтау бөлімдерінің жұмысымен танысты. Сонымен қатар қор жинақтау, сақтау, ғылыми-зерттеу, әдістемелік және насихаттау бағыттарындағы жұмыстар бойынша ақпарат алды.
Сапардың негізгі мақсаты – музей ісіндегі озық тәжірибелермен бөлісу, мәдени мұраны сақтау мен зерттеу бағытындағы байланысты нығайту және алдағы уақытта әріптестікті дамыту.
