Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейі
Түркістан облысының мәдениет басқармасының "Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейі" МКҚК
AA+
Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейі
Түркістан облысының мәдениет басқармасының "Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейі" МКҚК
Мекен жайы:
Шымкент қ., Әл-Фараби ауданы, Бәйдібек би даңғылы, 115а
Байланыс номері
8 747 154 35 95 — Әбдібек Аделина
Кіру
Тіркелу

2026 жылғы 8 қазанда Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясының Өзбекстан тарихы мемлекеттік музейдің (O'zbekiston Tarixi Davlat Muzeyi) 150 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар аясында «XXI ғасырдағы музейтану: зерттеулер, дәстүрлер және инновациялар» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференция жұмысына Өзбекстан, Қазақстан, Башқұртстан, Әзербайжан, Тәжікстан, Жапония, Ресей, Иран және АҚШ елдерінен ғалымдар, музей саласының мамандары мен зерттеушілер қатысты. Халықаралық басқосу ғылыми тәжірибе алмасуға, музей ісін дамытудың өзекті мәселелерін талқылауға және әртүрлі елдердің мамандары арасындағы кәсіби байланыстарды нығайтуға арналған маңызды алаңға айналды.

Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінің атынан мерейтойлық іс-шараға ғылыми зерттеу бөлім меңгерушісі А. Ержигитова қатысып, «Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінің өзбек этнографиялық коллекциясы: деректанулық әлеуеті және атрибуция мәселелері» тақырыбында баяндама жасады. Баяндамада музей қорындағы өзбек этнографиялық коллекциясының ғылыми маңызына, тарихи-мәдени құндылығына және музейлік заттарды ғылыми-зерттеу жұмыстарында пайдалану мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды. Жәдігерлердің шығу тегін, атқаратын қызметін, тұрмыста қолданылу ерекшеліктерін және мәдени тиесілігін зерттеу Орталық Азия халықтарының тарихи байланыстары мен дәстүрлерін тереңірек зерделеуге мүмкіндік береді. Этнографиялық коллекцияларды ғылыми тұрғыдан зерттеу материалдық және материалдық емес мәдени мұраны сақтауға, сондай-ақ оны кеңінен танытуға ықпал етеді.

Конференция барысында заманауи музейтанудың өзекті мәселелерінің кең ауқымы қарастырылды. Атап айтқанда, музей мекемелерін басқару, ребрендинг жүргізу және музейдің заманауи бейнесін қалыптастыру, музей менеджменті мен маркетингі, музей қызметіне инновациялық тәсілдерді енгізу, сондай-ақ музейлер мен туризм саласы арасындағы өзара байланысты дамыту мәселелері талқыланды. Қатысушылар тарихи-мәдени мұраны сақтау міндеттерін оны заманауи әдістермен зерттеу, түсіндіру және көпшілікке таныту бағыттарымен ұштастырудың тиімді жолдары жөнінде пікір алмасты.

Конференция бағдарламасы аясында қатысушылар үшін Ислам өркениеті орталығы мен Ташкент қаласының тарихи музейіне экскурсиялар ұйымдастырылды. Экскурсиялар барысында мамандар тарихи-мәдени мұраны таныстырудың заманауи тәсілдерімен, музей экспозицияларын ұйымдастыру ерекшеліктерімен және музей қызметінде жаңа технологияларды қолдану мүмкіндіктерімен танысты.

Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысу Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінің шетелдік музейлермен және ғылыми мекемелермен ынтымақтастығын дамыту жолындағы маңызды қадам болды. Зерттеу нәтижелерін халықаралық ғылыми алаңда таныстыру музей қорларындағы жәдігерлерді ғылыми айналымға енгізуге, кәсіби тәжірибе алмасуға және болашақтағы бірлескен зерттеулердің мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеді.

Осындай халықаралық іс-шаралар музейлердің ғылыми-зерттеу қызметінің маңыздылығын арттырып, халықаралық кәсіби байланыстарды нығайтуға және Орталық Азияның тарихи-мәдени мұрасын зерттеу, сақтау әрі кеңінен насихаттау бағытында жаңа мүмкіндіктер ашуға жол береді. Сонымен қатар халықаралық ғылыми форумдарға қатысу музей мамандарының кәсіби әлеуетін арттыруға және озық тәжірибелерді отандық музейлердің қызметіне енгізуге мүмкіндік береді.