Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейі Созақ ауданы орталығындағы С. Қожанов атындағы музейімен бірлесіп ұйымдастырылған «Ұлттық құндылық – ел қазынасы» атты көшпелі көрменің салтанатты ашылуы өтті.
Көрме – Ұлы Жеңістің 80 жылдығына, Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына және Мемлекет басшысы жариялаған «Жұмысшы мамандығы жылы» аясында ұйымдастырылды. Осы тақырыптарға сәйкес экспозициялар көпшілік назарына ұсынылды.
Шара барысында ауданның Құрметті азаматы, еңбек ардагері Ниязәлі Омарбекұлы ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі музейдің орнына тоқталса, Түркістан облыстық музейі директорының орынбасары Райхан Дәрменқызы мен аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Мұхамедали Иманбеков көрменің маңызына назар аударды. Одан соң көрменің лентасы қиылып, ресми түрде ашылды.
Көрме «Жұмысшы мамандығы жылына» арналған кездесумен жалғасты. Басқосуда «Волковгеология» АҚ №5 Геологиялық-барлау экспедициясының директоры Құрманғали Әбиұлы және «№1 колледж» МКҚК директоры Бақдәулет Қордашбеков жастарға кәсіптік білім беру және жұмысшы мамандығын дәріптеу бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстарымен бөлісті.
Сонымен қатар мектеп оқушылары Абайдың өлеңдері мен қара сөздерінен үзінді оқыды. Н.Төрекұлов атындағы IT лицейдің оқушылары «Ұлы Отан соғысы» атты сахналық көрініс қойды. Көрме үш бөлім бойынша таныстырылып, қатысушылардың сұрақтарына жауап берілді.
