Ұлттық домбыра күніне орай Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Қазақ жаны – домбыра» атты тақырыптық көрме ұйымдастырылды.
Көрмеге музей қорында сақталған құнды жәдігерлер – домбыралар, ұлттық музыкалық мұраға қатысты заттар мен тарихи-этнографиялық бұйымдар қойылды. Көрме халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани мұрасын, ұлттық өнердің асыл қазынасы – домбыраның тарихи және мәдени маңызын дәріптеуге бағытталған.
Домбыра – қазақ халқының болмысын, тарихын, салт-дәстүрі мен рухын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келе жатқан қасиетті мұра. Оның қос ішегінен төгілген әрбір күй – халқымыздың шежіресі, елдің өткені мен бүгінін жалғаған алтын көпір.
Көрменің мақсаты – ұлттық құндылықтарды насихаттау, жас ұрпақтың дәстүрлі өнерге деген қызығушылығын арттыру және музей қорындағы тарихи жәдігерлерді кеңінен таныстыру.
Баршаңызды Ұлттық домбыра күнімен құттықтаймыз! Халқымыздың қасиетті мұрасы – домбыраның үні әр шаңырақта мәңгілік шырқала берсін!
