«Алматы облыстық музейлер бірлестігі» МКҚК ұйымдастыруымен Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарақастек ауылында орналасқан Сүйінбай Аронұлы атындағы әдеби-мемориалды музейінде, Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Өнер керуені: Ұлы сахна тұлғалары» атты гастрольдік тұлғалық көрмесінің ашылу салтанаты өтті.
Көрменің басты мақсаты – жас ұрпаққа тағылым беру, ұлттық театр өнерінің бастаулары мен даму белестерін дәріптеу, сондай-ақ өңір мақтаныштарының мәдени мұрасын кеңінен таныту
«Өнер керуені: Ұлы сахна тұлғалары» – қазақ театр өнерінің қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз үлес қосқан сахна саңлақтарының шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттауға арналған гастрольдік көрме жобасы. Көрме арқылы өңірімізден шыққан, ұлттық мәдениеттің алтын қорына енген тұлғалардың өмір жолы, сахналық бейнелері, тарихи фотосуреттері мен құжаттық мұралары көпшілікке ұсынылады.
Көрме қазақ кәсіби театрының негізін қалаған көрнекті қайраткерлері – Жұмат Шанин, Құрманбек Жандарбеков, Айша Абдуллина, Ақсақал Қалмырзаев және Жұмабике Серікбаева сынды өнер тарландарының шығармашылық мұрасын бір арнаға тоғыстырады.
