1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Балалықтың жарқын әлемі» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Шараның мақсаты – балалардың бақытты балалық шағын насихаттау, шығармашылық қабілеттерін дамыту, достыққа, татулыққа және отансүйгіштікке тәрбиелеу. Іс-шараға "Janin.kz" қайырымдылық қорының төрайымы Жазира Тілеубергенқызы мен кәсіпкер Карима Керімбайқызы демеушілік көрсетті.
Мереке аясында Шымкент қалалық №57 орта мектебінің оқушылары мен Сайрам ауданы Ақсу ауылындағы «Қайнар» бөбекжай балабақшасының тәрбиеленушілеріне Шымкент мемлекеттік зоологиялық саябағына «Бақытты бала – бақытты ел» атты танымдық саяхат ұйымдастырылды.
Сондай-ақ музейде мектеп оқушылары мен әлеуметтік топтағы балаларға арналған «Балалық шаққа саяхат» атты отандық мультфильмдер көрсетілімі өтті. Оның мақсаты – балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және шығармашылық ойлау қабілеттерін дамыту болды.
Музей қызметкерлері «Aisha» керамикалық студиясында «Менің арманым» атты шығармашылық шара өткізіп, қатысушылар өз қиялдарын сурет арқылы бейнеледі. Белсенді балалар марапатталды.
Сонымен қатар қор бөлімінің ұйымдастыруымен «Дәстүрлі ойын – тәрбиенің бастамасы» атты танымдық сайыс өткізіліп, ұлттық ойындар арқылы балалардың танымдық белсенділігі, патриоттық сезімі мен ұлттық құндылықтарға қызығушылығы арттырылды.
Нәтижесінде балалар көтеріңкі көңіл-күй мен жарқын әсер алып, шығармашылық белсенділіктерін дамытып, достық, бірлік және ұлттық құндылықтардың маңызын тереңірек түсінді.
